12 тамызда «Әділет» Кәсіподағы Абай облыстық білім кәсіподағымен бірлесіп Семей қаласында кездесу өткізді.
Семинарға Абай облыстық білім кәсіподағының төрағасы Сабит Ибраев, «Әділет» Кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев, сонымен қатар «Әділет» Кәсіподағының Кеңес, Төралқа мүшелері қатысты.
Сабит Ибраев елордадан келген қонақтарды қарсы алып, кәсіподақ бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар Абай облысы, өңірдің дамуы, киелі орындар туралы ақпарат берді.
«Тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған кездесу үшін облыстық кәсіподақ ұйымына алғыс білдіремін. Кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау біздің басты мақсатымыз. Осындай іс-шаралардың арқасында кәсіподақ көшбасшылары жұмыстармен танысып, үлкен тәжірибе жинайды. Жаңа ортамен таныс болады» - деді Батыр Әлиев.
Іс-шара барысында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау саласында ақпарат пен тәжірибе алмасу; кәсіподақ мүшелерінің өмір сапасын жақсартуға, жас мамандарды қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды әзірлеу; кәсіподақ қозғалысының нығаюына ықпал ететін іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Семинардан кейін кәсіподақ көшбасшылары өңірдегі бірқатар киелі орындарда болды.
Абай ауданында Күшікбай батыр бұлағының киелі суынан дәм татып, Бөрілі ауылындағы Мұхтар Әуезов мұражайын тамашалады. Одан кейін Ұлы Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлаққа соғып, Еңлік-Кебек ескерткішіне, Абай-Шәкәрім кесенесіне тағзым етті. Сонымен қатар, Қоңыр әулие үңгірінде болды. Киелі орындарда құран бағышталды.
Семей қаласында кәсіподақ өкілдері Абай мұражайында, «Бейбітшілік» аралында, «Өлімнен де күшті» монументінде, Неврозовтар отбасы атындағы өнер мұражайында болды.
Кәсіподақ көшбасшылары тәжірибе алмасумен қатар киелі Семей өңірінде рухани мол азық жинады.