Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғаудың басты құралдарының бірі - заңмен белгіленген еңбек дауларын шешу тәртібі болып табылады. Еңбек дауларын қарауды реттейтін нормативтік құқықтық акт – бұл Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (әрі қарай – ҚР ЕК).
Білім және ғылым ұйымының кез келген басшысының қызмет бабында қызметкерлермен еңбек даулары бойынша қайшы келу мүмкіндігі кездеседі.
ҚР ЕК 1-бабы 1-т. 16)т. сәйкес «еңбек дауы» - бұл Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс берушінің (жұмыс берушілердің) арасындағы келіспеушіліктер.
Барлық еңбек даулары екі топқа бөлінеді:
- жеке – жұмыс беруші және бір қызметкер арасындағы дау;
- ұжымдық – жұмыс беруші және бірнеше қызметкер арасындағы дау.
Осы түсіндіруде білім беру ұйымдарындағы жеке еңбек дауларын қарау кезіндегі іс-әрекет тәртібі көрсетілген.
Жеке еңбек дауын шешу жөніндегі келісу комиссиясы
Жеке еңбек даулары ҚР ЕК 159-бабына сәйкес жұмыс берушілер - шағын кәсіпкерлік субъектілерінің және ұйымның атқарушы органы басшыларының қатысуын қоспағанда, келісу комиссиясымен қаралуы тиіс.
Жеке еңбек дауын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылады және заңды тұлға мәртебесіндегі әрбір білім және ғылым ұйымдарында, сондай-ақ заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінде құрылып, кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан жасақталады. Әрбір тараптан өкілдер саны еңбек ұжымының санына байланысты белгіленеді. Комиссия мүшелерінің нақты саны, оның жұмыс тәртібі, мазмұны мен шешімдер қабылдау тәртібі ұйым басшысы мен кәсіподақ комитетінің арасында жазбаша келісім бойынша белгіленеді, болмаса ұжымдық шартпен анықталады. Комиссия құрамының үйлесімді теңдігін қалыптастыру мақсатында төмендегідей теңдік ұсынылады:
- 50 адамға дейін қызметкерлер саны бар еңбек ұжымдарында – әрбір тараптан екі өкілден;
- 50-ден 150 адамға дейін қызметкерлер саны бар еңбек ұжымдарында – әрбір тараптан үш өкілден;
- 150 адамнан астам қызметкерлер саны бар еңбек ұжымдарында – әрбір тараптан төрт өкілден.
Кәсіподақ мүшелерінің қатарынан кәсіподақ өкілдері комиссияға кәсіподақ комитетінің қаулысымен, ал әкімшілік өкілдері – ұйым басшысының бұйрығымен бөлінеді.
Келісу комиссиясының құрамына сайланған қызметкерлерге комиссия жұмысының уақытында орташа жалақылары сақталады.
Еңбек даулары жөніндегі комиссия мүшелерін (егер олар кәсіподақ мүшелері болса) жалдаушының бастамасымен жұмыстан шығаруға және тәртіптік жаза қолдануға тек кәсіподақ комитетінің алдын ала келісімімен ғана жол беріледі.
Келісу комиссиясын 3 жылға дейінгі мерзімге, яғни ұжымдық шарттың немесе әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің әрекет ету мерзіміне құрған жөн. Осы мерзім ішінде тараптар өз өкілдерін комиссия құрамын қалыптастыру үшін белгіленген тәртіпте алмастыра алады, барлық өкілдердің өкілеттіктері комиссияның құрылған мерзімінің аяқталуымен бірге аяқталады.
Комиссиялар сондай-ақ әкімшілік аумақтық бірліктер – аудандардың, қалалардың, облыстардың деңгейлерінде әлеуметтік әріптестік тараптарының келісімдерімен құрыла алады. Олар нақты ұйымдардың келісу комиссиялары сияқты сол негіздерде құрылады және жұмыс жасайды.
Комиссия мүшелерін оқыту аса маңызды болып табылады. Келісу комиссиясының тараптары комиссия мүшелерін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негіздері, келіссөздер жүргізе білуді дамыту және еңбек дауларында бәтуаластыққа келу жөнінде жыл сайынғы оқытудан өткізуге міндетті.
Қызметкерлер келісу комиссиясына:
1) еңбекке ақы төлеу;
2) басқа жұмысқа ауыстыру және басқа жұмыс орнына көшіру;
3) еңбекке ақы төлеу, соның ішінде лауазымдарды қоса атқару, уақытша орнында жоқ қызметкерді ауыстыру кезінде, үстеме жұмыс, түнгі уақыт, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін еңбекке ақы төлеу;
4) қолданыстағы еңбекке ақы төлеу жүйесімен көзделген қызметкерге тиесілі сыйақы мөлшері мен оны алу құқығы;
5) жәрдемақылар төлеу мен кепілдіктер беру;
6) қызметкердің жалақысынан ұсталынған ақшалай соманы қайтару;
7) еңбек демалыстарын беру;
8) арнайы киім, арнайы аяқ киім, жеке қорғау құралдарын беру, емдеу-профилактикалық тамақтану;
9) амалсыз бос жүрген уақытына жалақы төлеу немесе заңсыз ауыстырумен байланысты төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақытына жалақысының айырмасын төлеу;
10) еңбекке ақы төлеу жүйесімен көзделген үстеме ақыларды қосқанда жалақыны өндіру;
12) тәртіптік жаза қолдану;
13) еңбек шартын жасау немесе өзгерту туралы мәліметтер еңбек кітапшасында қате немесе нақты жазылмауы туралы, егер бұл жазбалар бұйрыққа (өкімге) немесе заңмен көзделген өзге құжаттарға сәйкес келмесе;
14) жұмысқа қайта алу, жұмыстан шығару күнін және себебінің тұжырымын өзгерту;
15) келтірілген материалдық шығынды өтеу;
16) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимін қадағалау;
17) аттестаттау комиссиясы шешімінің күшін жою туралы еңбек даулары жөнінде жүгіне алады .
Келісу комиссиясына арыздарды қабылдау
Келісу комиссиясына түсетін арыздарды қабылдауды жұмыс беруші жүргізеді, жұмыс берушінің есебінен және оның бланкілерінде еңбек даулары бойынша комиссияның атынан азаматтармен және ұйымдармен қатынас хаттар жүргізіледі (шақыртулар жіберу, жауаптар беру және т.б). Комиссия жұмысы жөніндегі барлық шығындарды жұмыс беруші өтейді.
159-баптың 4-т.сәйкес, келісу комиссиясына түскен арызды комиссия түскен күні міндетті түрде тіркеуі тиіс.
Дау өтініш берушінің және (немесе) өкілеттік шегінде ол уәкілеттік берген өкілдің қатысуымен Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қаралады. Арызы бойынша еңбек дауы қаралып жатқан қызметкер комиссия отырысына үш күннен кешіктірілмей шақырылады. Дауды сырттай қарауға тек қызметкердің жазбаша өтініші бойынша ғана жол беріледі.
Комиссия отырыстары комиссия мүшелері, мүдделі қызметкер, сондай-ақ куәгерлер және шақырылған мамандар мен сарапшылар отырысқа қатыса алатындай ыңғайлы уақытта өткізілуі тиіс.
Қажет жағдайда комиссия отырысқа куәгерлерді шақыруға, жеке тұлғаларға техникалық және бухгалтерлік тексерулер жүргізуді тапсыруға, әкімшіліктен құжаттар мен есептерді көрсетуді талап етуге, сұраныстар жіберіп, мемлекеттік және жоғарғы кәсіподақ органдарының кеңестерін қолдануға құқылы.
Қызметкер комиссияның отырысына келмей қалған жағдайда, оның арызын қарау кейінге қалдырылады. Қызметкер дәлелді себептерсіз екінші рет келмей қалған жағдайда, комиссия мәселені қараудан алып тастау туралы шешім шығаруы мүмкін, бұл қызметкерді қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
Жеке еңбек дауларын қарау және келісу комиссиясына немесе сотқа жүгіну мерзімдері
ҚР еңбек заңнамасымен жеке еңбек дауларын қарау мерзімі көзделген. ҚР ЕК 159-бабының 5-т. негізінде комиссия мүшелері еңбек дауларын арыз тіркелген күннен бастап 15 күндік мерзімде қарауға және дау тараптарына шешімнің көшірмесін ол қабылданған күннен бастап үш күндік мерзімде беруге міндетті.
Келісу комиссиясының шешімі (2-қосымша) жұмысқа қайта алу туралы дауды қоспағанда, белгіленген мерзімде орындалуы тиіс.
Келісу комиссиясының шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, қызметкер немесе жұмыс беруші өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.
ҚР ЕК сондай-ақ қызметкерге келісу комиссиясына жүгіну мерзімдерін белгілейді. Мысалы, ҚР ЕК-нің 160-бабымен жеке еңбек дауларын қарау жөнінде келісу комиссиясына немесе сотқа жүгінудің мынадай мерзімдері көзделген:
- жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша - жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы актісінің көшірмесі келісу комиссиясына табыс етілген күннен бастап бір ай, ал сотқа жүгіну үшін - реттелмеген даулар бойынша жүгіну кезінде болмаса оның шешімін еңбек шарты тарапы орындамаған жағдайда келісу комиссиясының шешімі табыс етілген күннен бастап екі ай;
- басқа еңбек даулары бойынша - қызметкер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиісті күннен бастап бір жыл.
Дауларды қарау жөнінде жүгіну мерзімінің өтуі қаралып жатқан еңбек дауы бойынша медиация туралы шарттың қолданылу кезеңінде немесе келісу комиссиясының оны құрғанға дейін болмауы жағдайында тоқтатыла тұрады. Белгіленген мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алған жағдайда, еңбек даулары жөніндегі комиссия оны қайтадан белгілей алады.
Жеке еңбек дауын қарау тәртібі
Еңбек даулары жөніндегі комиссия отырысының басында мүдделі қызметкер отырысқа қатысып отырған кез-келген комиссия мүшесіне дәлелді наразылық білдіруге құқылы. Мұндай жағдайда дауды қарау комиссиямен белгіленген басқа уақытқа ауыстырылады. Наразылық білдіру тек сол қызметкердің арызын қарау жөніндегі комиссия отырысы үшін жарамды.
Наразылық білдіруді қанағаттандыру мәселесі:
а) әкімшілік өкіліне қатысты болса – ұйым басшысымен;
б) кәсіподақ өкіліне қатысты болса – кәсіподақ комитетімен шешіледі.
Басшы бұйрық шығарады, ал кәсіподақ комитеті наразылық білдіру туралы арыз қанағаттандырыла ма әлде жоқ па, сол туралы шешім қабылдайды. Тағайындалған комиссия мүшесінің орнына басқа өкіл бөлінуі мүмкін.
Комиссияның әрбір отырысында келесі отырыстың төрағасы мен хатшысы тағайындалып, оларға отырысқа дайындық пен шақыру жүктеледі.
Келісу комиссиясының әрбір отырысында төраға мен хатшының міндеттерін кәсіподақ комитетінің өкілі мен жұмыс берушінің өкілі кезектесіп атқарады. Бір отырыстағы төраға мен хатшының міндеттерін бір тараптың өкілдері атқара алмайды.
Еңбек даулары жөніндегі комиссияны техникалық қамтамасыз етуді (іс жүргізу, істерді сақтау, мәжіліс хаттамаларынан көшірмелер дайындау мен беру және т.б.) жұмыс беруші жүзеге асырады. Ұйым басшысы өз бұйрығымен комиссияны техникалық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жүктелетін қызметкерді тағайындайды.
Келісу комиссиясының іс жүргізуі жалпы іс жүргізуден бөлек істер номенклатурасының ерекше бөлімінде жүргізіледі.
Келісу комиссиясының іс жүргізуі жалпы іс жүргізуден бөлек істер номенклатурасының ерекше бөлімінде жүргізіледі.
Еңбек даулары жөніндегі комиссияның әрбір отырысында хаттама жүргізіледі (1-қосымша). Хаттамаға отырыс аяқталған соң төраға мен хатшы қол қояды. Келісімге қол жетпеген жағдайда, комиссия отырысының хаттамасында әрбір тараптың ұсыныстары баяндалады және келісімге келмегені туралы жазылады.
Хаттамаға тексерулер материалдары, жазбаша түсініктемелер, қорытындылар, қатынас хаттар және дауды қарау барысында комиссиямен алынған өзге де құжаттар тіркеледі.
Еңбек даулары жөніндегі келісу комиссиясы отырысқа барлық комиссия мүшелерінің кемінде 2/3-і қатысқан жағдайда, шешім қабылдауға құқылы.
Еңбек даулары жөніндегі комиссияның шешімдері отырысқа қатысқан барлық әкімшілік өкілдері мен кәсіподақ комитетінің өкілдері арасында келісім бойынша қабылданады, міндетті күші бар және қандай да бір бекітуді талап етпейді. Комиссияның шешімдері қолданыстағы заңнамамен, ұжымдық және еңбек шарттарымен, келісімдермен, ережелермен, қағидалармен, нұсқаулықтармен дәлелденіп және негізделуі тиіс.
Егер қаралатын дау ақша талаптарына қатысты болса (жалақы, сауықтыру жәрдемақысы және басқалары), онда комиссия шешімінде қызметкерге тиесілі нақты сома көрсетіледі. Комиссия қызметкерге келісу комиссиясына жүгінген кезден бастап үш жылдан аспайтын мерзім үшін төленбеген және заңсыз ұсталынған сомаларды қайтару туралы шешім қабылдай алады.
Жұмыс берушіден өндірілген сомалар қызметкерге комиссия шешім шығарғаннан кейінгі жалақы төлеу үшін белгіленген мерзімге жақын уақытта төленеді.
Қызметкерге тәртіптік жаза шарасын қолдану туралы дауды шешу кезінде комиссия заңсыз салынған немесе теріс қылықтың қатаңдығына сәйкес келмейтін жазаны жоя алады, бірақ комиссия бір жазаны екінші жазалау шарасымен алмастыра алмайды, өйткені ҚР ЕК 65-бабына сәйкес тәртіптік жаза шараларын таңдау құқығы Жұмыс берушіге тиесілі.
Келісу комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде жұмыс берушіге және арыз берушіге жіберіледі, және шешімде көрсетілген мерзімде орындалуы тиіс. Жұмысқа қайта алу туралы шешім дереу орындалады.
Қызметкер еңбек дауы жөніндегі комиссияның шығарған шешімімен келіспеген жағдайда, еңбек дауын шешу туралы арызымен сотқа жүгіне алады. Сотқа сондай-ақ екінші тарап келісу комиссиясының шешімін орындамаған жағдайда да жүгінуге болады.
Жеке еңбек дауларын шеше отырып, сот органдары тек материалдық емес, сонымен қатар процессуалдық құқық нормаларын қолданады. Ең алдымен, бұл ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің нормалары. Соттардың еңбек дауларын қарау кезіндегі маңызды орын алатын дереккөздердің бірі ретінде «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнамаларды қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19-желтоқсандағы №9 нормативтік қаулысын айта кеткен жөн.
Қызметкерді жұмысқа қайта алу
ҚР ЕК-нің 161-бабына сәйкес, бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыз бос жүрген (жұмыстан шеттетілген) барлық уақыты үшін орташа жалақысы немесе төмен ақы төленетін жұмысты орындағаны үшін, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа жалақыдағы айырма төленеді.
Қызметкерді бұрынғы жұмысына қайта алу туралы жеке еңбек дауын қарау жөніндегі келісу комиссиясының болмаса соттың шешімі дереу орындалуға тиіс. Жұмыс беруші жұмысқа қайта алу туралы шешімнің орындалуын кешіктірген жағдайда, келісу комиссиясы қызметкерге шешімнің орындалуы кешіктірілген уақыт үшін орташа жалақысын немесе жалақысының айырмасын төлеу туралы шешім шығарады.
Келісу комиссиясының тұрақты қызмет атқаратын орган екенін есте сақтаған жөн. Яғни ол жеке бір дауды шешу үшін емес, ұйым қызметінде туындауы мүмкін барлық жеке еңбек дауларын шешу үшін құрылады және бір дауды шешумен оның қызметі тоқтап қалмайды.
1-қосымша
Жеке еңбек даулары жөніндегі келістіруші комиссия мәжілісінің
№ ____ ХАТТАМАСЫ
____________________________________________________________
(ұйымның толық атауы)
«_____»____________200__ ж. ________________қаласы
Отырысқа комиссия мүшелері қатысып отыр:
Жұмыс берушінің атынан
___________________________
___________________________
___________________________
(комиссия мүшелерінің аты-жөні)
Қызметкерлердің атынан
___________________________
___________________________
___________________________
(комиссия мүшелерінің аты-жөні)
Келісу комиссиясының төрағасы _______________
Келісу комиссиясының хатшысы __________________
КҮН ТӘРТІБІ:
1. __________________ туралы (жөнінде) _______________________арыз
Тыңдады: __________________ туралы (жөнінде) _______________________арыз
Арыз беруші отырыс күні туралы «____ »______________ 200__ ж. хабарланды және қатысып отыр.
________________ наразылық білдірілді (білдірілген жоқ)
кімге
Наразылық қанағаттандырылды (қанағаттандырылған жоқ)
Арыз берушінің түсініктемесі
Куәгерлердің түсініктемелері ______
Шешті:
Комиссия төрағасы _______________________
(Т.А.Ә. қолы)
Комиссия хатшысы_______________________
(Т.А.Ә. қолы)
2-қосымша
Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының
ШЕШІМІ
___________________________________________________________
(ұйымның толық атауы)
« ____» ____________ 200__ ж. ______________қаласы
Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы құрамында:
жұмыс берушінің атынан:
___________________________________________________________(комиссия мүшелерінің тегі, аты-жөні)
қызметкерлердің атынан:
____________________________________________________________
(комиссия мүшелерінің тегі, аты-жөні)
өз отырысында __________________________________________,
(атқаратын лауазымы, арыз берушінің Т.А.Ә., туған күні)
_____________________________________________________туралы
арызды қарап
(арыздың қысқаша мазмұны)
________________________________________________________________________________
анықтады:
________________________________________________________________________________
(даудың мазмұны және дәлелді қорытынды)
__________________________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________________________
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159-161-баптарын басшылыққа ала отырып, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы:
ШЕШТІ:
1.____________________________________________________________
(дау бойынша нақты шешім)
_______________________________________________________________________________________
_______________________________________________________________________________________
2. Осы шешім 20___ жылдың ______ _______________дейін __________________________ мерзімде орындалуы тиіс.
Комиссия төрағасы _________________________
(Т.А.Ә.қолы)
Комиссия хатшысы _________________________
(Т.А.Ә.қолы)