Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының Төралқа отырысы өтті.
Төралқа отырысында: «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» республикалық байқауы туралы; № 80 «Ботақан» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы; «Әділет» Кәсіподағының ақпараттық жұмысты жетілдіру шаралары мен жағдайы туралы; Халықаралық байқаулар туралы; «Әділет» Кәсіподағының марапаттауы туралы мәселелер қарастырылды.
Отырыс барысында Батыр Әлиев «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» республикалық байқауына «Әділет» Кәсіподағының, оның ішінде № 80 «Ботақан» балабақшасының белсенді қатысқанын атап өтті.
Республикалық байқау қорытындысы бойынша № 80 «Ботақан» балабақшасы III орынды жеңіп алды. Бастауыш кәсіподақ ұйымы дипломмен марапатталды және 300 мың теңге сертификат табысталды.
Төралқа мүшелеріне № 80 «Ботақан» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Марал Сатпаева кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, колледж әкімшілігімен бірлесіп атқарылған шаралар, кәсіподақ мүшелеріне көрсетілген материалдық көмектер мен кәсіподақ мүшелерін марапаттау туралы атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.
№ 80 «Ботақан» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының оң тәжірибесін барлық кәсіподақ ұйымдарына тарату туралы шешім қабылданғанын атап өту қажет.
Іс-шара барысында Батыр Әлиев бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын күшейту жөнінде атап өтті. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау басты назарда екенін айтты.
Ұйымдастырушылық мәселелерді талқылау барысында Батыр Әлиев «Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» байқауының маңыздылығын айтып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді қатысу қажеттігін айтты.
Төралқа мүшелері аталған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Іс-шара соңында «Әділет» Кәсіподағы төрағасының орынбасары Балсулу Наурузбаева ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төс белгісімен, сонымен қатар білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мен кәсіподақ ұйымының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен № 81 «Astana English School» гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Камшат Абишева марапатталды.
Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Грамотасымен №71 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгуль Кудайбергенова, №5 гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнагуль Аубакирова, №17 «Ер-Төстік» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ботагоз Абдуова, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасымен №64 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Рахметолла Аманжолов, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Алғыс хатымен Педагогикалық колледждің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Лада Макаренко марапатталды.
Марапатталушыларды құттықтай отырып, адал еңбектері мен белсенді жұмыстары үшін алғыс білдіреміз.