Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлерінің кәсіподағымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында педагогикалық еңбек ардагерлерімен кездесу өткізді.
Елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ардагерлерге салынып жатқан білім беру нысандары, білім жүйесінің міндеттері мен мәселелері, білім беруді дамытудағы алдағы жоспарларымен таныстырды. Ардагерлерге атқарған қызметтері үшін шексіз ризашылығын білдіріп, оларға зор денсаулық және ұзақ өмір тіледі.
Сондай -ақ, «Әділет» Кәсіподақ ұйымының төрағасы Батыр Әлиев барша ардагер-ұстаздарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, білім беру саласындағы еңбектері мен жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Кездесу Абай Құнанбаев атындағы № 87 мектеп-лицейінде өтті. Ардагерлер аталған мектептің жұмысымен, Абай атындағы музеймен, гидропоника кабинеті және STEM лабораториясымен танысып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Кездесу барысында ардагерлерге мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Ардагерлермен жұмысты жандандыру, оларды әлеуметтік қолдау мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында білім беру жүйесінің ардагерлер кеңесінің қызметін үйлестіру үшін Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы «Әділет» Кәсіподағымен бірлесіп Нұр-Сұлтан қаласының білім беру жүйесінің ардагерлер кеңесін құрғанын атап өткіміз келеді.
Барлық педагогикалық еңбек ардагерлері Білім басқармасы мен «Әділет» Кәсіподақ ұйымына, № 87 мектеп-лицейінің қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Іс -шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға ықпал еткені үшін № 87 мектеп-лицейінің директоры Айгуль Кашаеваға және ұжымға алғысымызды білдіреміз.