Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының кезекті Төралқа отырысы өтті.
Төралқа отырысында: № 14 «Ақбөпе» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы; М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы; «Әділет» Кәсіподағының 2021 жылдың жазында кәсіподақ мүшелері болып табылатын жұмыскерлердің демалысын ұйымдастыру бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысы туралы; «Әділет» Кәсіподағының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы; «Әділет» Кәсіподағының «Үздік бастауыш ұйымы» байқауын қорытындылау туралы сұрақтар талқыланды.
Іс-шара барысында Батыр Әлиев Төралқа мүшелерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.
«Тәуелсіздік күні – мемлекетіміздің әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен халқымыздың бірлігінің арқасы. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай» - деді Батыр Әлиев.
Отырыс барысында № 14 «Ақбөпе» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Рауан Ағыбаева және М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қаламқас Сапарова ұйымда атқарылған жұмыстармен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.
№ 14 «Ақбөпе» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик» республикалық байқаудың 3 орын иегері атанғанын еске саламыз.
Іс-шара барысында Батыр Әлиев бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын одан әрі күшейту жөнінде атап өтті. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау басты назарда екенін айтты.
Отырыста Төралқа мүшелері ағымдағы жылды қорытындылап, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылады, сонымен қатар аталған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Іс-шара соңында кәсіподақ активі ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.
Кәсіподақ активін марапаттарымен құттықтай отырып, адал еңбектері мен белсенді жұмыстары үшін алғыс білдіреміз.