Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының кезекті Төралқа отырысы өтті.
Отырысты «Әділет» Кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев ашып, Төралқа мүшелерін күн тәртібімен таныстырды.
Төралқа отырысында: № 7 «Аққу» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы; Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының 2021 жылға кәсіподақ мүшелігі және кәсіподақ органдары туралы статистикалық есеп нәтижелері туралы; Педагогтарды жеңілдіктермен және кепілдіктермен қамтамасыз ету бөлігінде «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын іске асыру жөніндегі жұмыс туралы; «Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық (материалдық) көмек көрсету туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; Кәсіподақтың электрондық жүйесі туралы; «Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» байқауын өткізу туралы сұрақтар қарастырылды.
Отырыс барысында № 7 «Аққу» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гульмира Мукажанова кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, білім беру ұйымының әкімшілігімен бірлескен іс-шаралар, материалдық көмек көрсету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып өз тәжірибесімен бөлісті.
№ 7 «Аққу» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының оң тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына тарату туралы шешім қабылданғанын атап өту қажет.
Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымдары ұсынған статистикалық есеп талқыланды. Есепке сәйкес бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары кәсіподаққа мүшелікке тарту бойынша нақты жұмыстар атқарғаны байқалды.
Іс-шара барысында Батыр Әлиев бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын одан әрі күшейту жөнінде атап өтті. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау басты назарда екенін айтты.
Сонымен қатар, Мәскеу қалалық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен "Педагогический старт - 2021" байқауы қорытындыланды. Байқау қорытындысына сәйкес 27 мектеп-лицейінің мұғалімі Хитрук Юлия "Путь педагога" номинациясын жеңіп алды. Хитрук Юлия дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Отырыста Төралқа мүшелері сұрақтарын талқылады, сонымен қатар аталған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.