Сервис және туризм колледжінде «Әділет» Кәсіподағының бастауыш ұйым төрағаларымен семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңестің мақсаты – кәсіподақ төрағаларының жұмысын одан әрі жандандыру, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және жаңа бастамаларды дамытуға ықпал ету, кәсіподақ қызметінің маңыздылығы, білім қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі Кәсіподақтың қоғамдағы рөлін арттыру.
Семинар барысында «Әділет» Кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев «Әділет» Кәсіподағының 2021 жылғы жұмысы мен 2022 жылға қойылған міндеттер туралы ақпарат берді.
«Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Кәсіподақ төрағаларымен, балабақша меңгерушілерімен, есепшілермен, іс-қағаз жүргізушілермен, техникалық инспекторлармен, келісу комиссиясының мүшелерімен онлайн семинарлар жүргізілді. Жас педагогтар үшін халықаралық фестивальдар мен байқаулар өткізілді. Сондай-ақ, «Нұр-Сұлтан қаласының үздік жас педагогы» байқауын өткіздік. 2021 жыл «Әділет» Кәсіподағы үшін берекелі жыл болды. «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» республикалық байқауында № 80 «Ботақан» балабақшасының бастауыш ұйымы III орынды иеленді, сонымен қатар «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик» республикалық байқауында» № 14 «Ақбөпе» балабақшасының бастауыш ұйымы III орынды жеңіп алды. Биылғы жылы да сіздермен бірлесіп жетістіктерге жететінімізге сенемін» - деді Батыр Әлиев.
Сонымен қатар, семинарға қатысушыларға еңбек заңнамасының нормалары, «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» Заңдары, педагогтерге оның ішінде методистерге еңбекақы төлеу жүйесіндегі қосымша төлемақылардың жаңа түрлері, сонымен қатар білім жүйесінің құқықтық заңнамалық актілері, оның ішінде педагогтарды аттестаттау ережесіне енгізілген өзгерістер түсіндірілді.
«Әділет» Кәсіподағының материалдық көмек көрсету, есеп беру нысандары, электронды кәсіподақ жүйесі, кәсіподақ байқаулары, сондай-ақ алдағы кезеңдегі міндеттер талқыланып, түсіндірілді. Семинарға қатысушылардың өтініші бойынша бастауыш ұйым төрағаларымен осындай семинарды тұрақты түрде өткізу туралы келісім жасалды.
Спикер электронды кәсіподақ жүйесіне тоқталып, оның маңыздылығын түсіндірді. Оның айтуынша аталған жүйе арқылы қызметтерді онлайн түрде жүргізуге болады. Сонымен қатар кәсіподақ төрағаларының жұмысын жеңілдетеді.
Іс-шара еркін диалог форматында жүргізілді. Кездесу соңында педагогтар қызықтырған сұрақтарына жауаптарын алды.