«Әділет» Кәсіподағы білім беру ұйымдарындағы келісу комиссияларының мүшелеріне кезекті онлайн-семинар өткізді.
Өздеріңізге белгілі ҚР Еңбек кодексінің 23 бабы 2 тармағының 26 тармақшасына сәйкес ҚР Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен жұмыс беруші келісу комиссиясын құруға міндетті.
Бұдан бөлек, ҚР Еңбек кодексінің 159 бабы 8 тармағына сәйкес Келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндетті.
Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы: тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылады және кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан құрылады; қызметкерлердің еңбек заңнамасын, ұжымдық шартты, келісімдерді және өзге де жергілікті құқықтық актілерді, еңбек шарттарын қолданумен қатысты мәселелерді қарайды.
«Әділет» Кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев «Әділет» Кәсіподағымен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Сондай-ақ еңбек заңнамасының нормалары, «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» Заңдары, педагогтерге оның ішінде методистерге еңбекақы төлеу жүйесіндегі қосымша төлемақылардың жаңа түрлері, сонымен қатар білім жүйесінің құқықтық заңнамалық актілерін түсіндірді.
«Әділет» Кәсіподағының заңгерлері Динара Токбалина және Айтас Дюсембаев семинарға қатысушыларға келісу комиссиясының жұмысы, атқаратын қызметі, еңбек қатынастары, еңбек дауын қарастыру және тағы да басқа мәселелер туралы толық ақпарат берді.
Іс-шара еркін диалог форматында жүргізілді. Кездесу соңында қатысушылар қызықтырған сұрақтарына жауаптарын алды.
Семинарға қатысушыларға оқудан өткені туралы сертификаттар табысталады.