25-28 маусым аралығында Білім беру жүйесінің қызметкерлері арасында денсаулық спартакиадасы шеңберінде «Туған жер 2022» туристік слет өтті.
Сайысқа елорданың білім беру ұйымдарының кәсіподақ мүшелері болып табылатын қызметкерлер қатысты.
Мұндай шараның басты мақсаты – білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау; мұғалімдердің дене шынықтыру дайындығы деңгейін көтеру; педагогикалық қызметкерлер арасында қарым-қатынасты нығайту және тәжірибе алмасу.
Шараға қатысушылар бас қаланың сыртында орналасқан демалыс орнына орналастырылды. Туристік слеттің алғашқы күнінен-ақ қатысушылар туристік кросс жорық (арқан жол, су өткелі, тораптар), туристік эстафета, конкурстық бағдарлама, тағамдар сайысы, плакаттар сайысы, шатыр құру сайысы, көркемөнерпаздар сайысы, арқан тартыс, әзіл эстафетасы бойынша сайысқа түсті.
Уақытты тиімді әрі қызықты өткізу үшін қатысушыларға арнайы бағдарлама бекітілді. Одан бөлек табиғат аясында шатырлар тігіліп, олар 3 күн бойы белсенді демалды, жаңа ортамен таныс болды.
Туристік слеттің марапаттау рәсіміне «Әділет» Кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев, «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры Нурлан Тяженов және Балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығының директоры Мэлс Абенов қатысты.
Батыр Әлиев қатысушыларды жеңістерімен құттықтап, белсенді қатысушыларға алғысын білдірді.
«Мұндай шараның басты мақсаты - ұжымдық бірлікті нығайту, кәсіподақ мүшелеріне белсенді демалыс ұйымдастыра отырып, салауатты өмір салтын насихаттау. Дәстүрге айналған туристік слет келесі жылы да жалғасын табатын болады. Іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының және Балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығыныңбасшыларына және қызметкерлеріне алғыс білдіремін» -, деді Батыр Әлиев.
Қатысушылардың айтуларынша бастысы жеңіс емес, одан да маңыздысы осындай шаралардан қалыспай, командалық рух пен ұйымшылдықты қалыптастыру.
Аталған туристік слетте «Әділет» Кәсіподағының жаңа BINOMSCHOOLбастауыш ұйымы белсенді қатысқанын атап өткен жөн.
Жарыс қорытындысына сәйкес I орынды № 37 мектеп лицейі, II орынды № 74 мектеп-гимназиясы, III орынды № 60 мектеп лицейі иеленді.
Жеңімпаздар кубоктар, грамоталар, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.