Бүгін Астана қаласының білім беру қызметкерлері кәсіподағының кезекті Төралқа отырысы өтті.
Отырысты кәсіподақ төрағасы Батыр Әлиев ашып, Төралқа мүшелерін күн тәртібімен таныстырды.
Төралқа отырысында: Кәсіподақтың 2022 жылдың қорытындысы бойынша статистикалық есебі;«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының ережелеріне сай педагогтерді жеңілдіктермен және кепілдіктермен қамтамасыз етуді іске асырудың жай-күйі туралы; № 10 мектеп-гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы; № 4 «Аружан» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы; Білім беру ұйымдары басшыларының арасында өткен Спартакиаданың қорытындысы туралы; Кәсіподақ активін марапаттау туралы сұрақтар талқыланды.
Отырыс барысында № 10 мектеп-гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымының және № 4 «Аружан» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, білім беру ұйымының әкімшілігімен бірлескен іс-шаралар, материалдық көмек көрсету бағытында атқарылған жұмыстар туралы ақпараттары қаралды.
Отырыста аталған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысының оң тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына тарату туралы шешім қабылданғанын атап өту қажет.
Іс-шара барысында Батыр Әлиев бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын одан әрі күшейту жөнінде атап өтті. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау басты назарда екенін айтты.
Отырыста Төралқа мүшелері сұрақтарды талқылап, аталған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.