30 маусым мен 4 шілде аралығында Қазақстандық оқу ағарту, ғылым және жоғарғы білім қызметкерлерінің салалық Кәсіподағының ұйымдастыруымен «Жаңашыл жастар – Кәсіподақ болашағы» Республикалық жас ұстаздардың жазғы лагері өтті.
Аталған іс-шара Абай облысы Алакөл демалыс кешенінің аумағында ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты — жас педагогтардың шығармашылық қырын ашу, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және педагогикалық бастамаларды дамытуға ықпал ету, білім қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі Кәсіподақтың қоғамдағы рөлін арттыру, педагог мәртебесін арттыру.
Жазғы лагерьге Астана қаласының білім беру қызметкерлері Кәсіподағынан Жастар кеңесінің төраға орынбасары, Әдістемелік орталықтың бөлім басшысы – Амирхамзина Райгуль, Жастар кеңесінің мүшелері: № 15 мектеп – лицейдің тарих мұғалімі Абдельдинова Еркежан, «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының педагог-психологы Сейдімхан Бексұлтан қатысты.
Демалыс орнына орналасқаннан кейін қатысушылар бірнеше топтарға бөлініп, бекітілген бағдарлама бойынша өз жұмыстарын бастап кетті.
Іс шара барысында «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ Мемлекеті»; ««Өз құқығыңды біл»; «Жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды сақтаудың негізгі тетіктері: Деструктивті діни ағымдардың ықпалы»; «Check Up: Өзін-өзі қалыптастырудағы жеке дағдыларын айқындау» тақырыбындағы және тағы да басқа семинарлар мен тренингтер өтті.
Форумның соңғы күнінде жабылу салтанаты өтті. Сонымен қатар қатысушыларға сертификаттар табыстап, жас ұстаздарға сәттілік тіледі.
Астана қаласының білім беру қызметкерлері Кәсіподағы атынан Қазақстандық оқу ағарту, ғылым және жоғарғы білім қызметкерлерінің салалық Кәсіподағына және Жастар кеңесіне ұстаздардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік бергені үшін алғысымызды білдіреміз.