11 тамызда Астана қаласының білім беру қызметкерлерінің Кәсіподағы Абай облыстық білім Кәсіподағымен бірлесіп Семей қаласында кездесу өткізді.
Іс-шара барысында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау саласында ақпарат пен тәжірибе алмасу; кәсіподақ мүшелерінің өмір сапасын жақсартуға, жас мамандарды қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды әзірлеу; кәсіподақ қозғалысының нығаюына ықпал ететін іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, кәсіподақ көшбасшылары өңірдегі бірқатар киелі орындарда болды.
Абай ауданында Күшікбай батыр бұлағының киелі суынан дәм татып, Бөрілі ауылындағы Мұхтар Әуезов мұражайын тамашалады. Одан кейін Ұлы Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлаққа соғып, Еңлік-Кебек ескерткішіне, Абай-Шәкәрім кесенесіне тағзым етті. Сонымен қатар, Қоңыр әулие үңгірінде болды. Киелі орындарда құран бағышталды.
Семей қаласында кәсіподақ өкілдері Абай мұражайында, «Бейбітшілік» аралында, «Өлімнен де күшті» монументінде, Ф.М. Достаевскийдің мұражайында болды.
Кәсіподақ көшбасшылары тәжірибе алмасумен қатар киелі Семей өңірінде рухани мол азық жинады.