2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде (бұдан әрі - ҚРЕК) жеке еңбек дауларын шешу тәртібі айтарлықтай өзгерді. Жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауларын сотқа дейін келісу комиссиясында қарау міндетті кезең болды.
Бұрын келісім комиссиясының айналасында көптеген даулы мәселелер болған. ҚРЕК-сі жұмыс берушілерде оны құру бойынша тікелей міндеттің бар екендігін көрсетпеді. 2020 жылғы 4 мамырдағы еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер негізінде жұмыс берушінің келісім комиссиясын құру жөніндегі міндеті ҚРЕК-нің 23-бабы 2-тармағының 26) тармақшасында бекітілген.
Келісім комиссиясы ұйымда, оның филиалдары мен өкілдіктерінде құрылатын тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Осылайша, келісім комиссиясы жекелеген еңбек дауын шешу үшін емес, ұйым қызметі барысында туындайтын барлық жеке еңбек дауларын қарау үшін құрылады.
ҚРЕК-нің 159-бабына сәйкес, келісу комиссиясы жұмыс беруші мен жұмыскерлердің өкілдерінің тең санынан тепе-тең негізде құрылады. Кәсіподақ өкілдері кәсіподақ мүшелерінің арасынан кәсіподақ комитетінің қаулысымен келісім комиссиясына, ал әкімшілік өкілдері білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бөлінеді.
Келісу комиссиясы, оның функциялары мен өкілеттіктері білім беру ұйымдарының ұжымдық шартына қосымша ретінде енгізілген тиісті Ережемен айқындалады.
Бұл ретте, ҚРЕК-нің 159-бабының 8-тармағына сәйкес келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндетті.
Осыған байланысты, 2021 жылдан бастап Астана қаласының білім беру қызметкерлерінің Кәсіподағы келісу комиссиясының мүшелері үшін оқыту семинарларын өткізеді.
2021-2023 жылдары келісу комиссиясының 1200-ден астам мүшесі оқытылып, сертификаттар алды.
Алайда, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде 20-дан астам білім беру ұйымдарында бүгінгі күні келісу комиссиялары құрылмағаны анықталды.
Еңбек дауларын шешу мәселесі жұмыскер мен жұмыс беруші үшін өте маңызды. Осыған байланысты Кәсіподақ жұмыс берушілер келісу комиссиясын құрып, келісу комиссиясының мүшелерін оқыту жөніндегі міндеттемелерін орындауға назар аудару қажет екендігін жеткізеді.