Нұр-Сұлтан қ. «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағына педагогтардан максималды оқу жүктемесіне және мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері үшін еңбекақы мөлшеріне қатысты өтініштер келіп түсуде.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары тәрбиешілердің нақты оқу жүктемесін 1,75 ставкадан аспайтын мөлшерде шектеген.
Кейбір жағдайларда тәрбиешілерден орындалған жұмыс көлемі 1,75 ставкадан асқан кезде артық төленген еңбекақыны қайтаруды талап еткен.
Бұл жағдайлар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келеді және жұмысшылардың еңбек құқықтарын шектейді деп санаймыз.
Қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін келесі түсіндірмемен танысуды ұсынамыз:
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабы 3-тармағының 3-тармақшасына сәйкес мектепке дейінгі мемлекеттік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі – 24 сағат.
Тәрбиешінің жұмысты белгіленген нормадан артық орындауы қосымша жұмыс ретінде қарастырылуы керек. Яғни, қоса атқарылатын жұмыс ретінде есептелуі қажет.
ҚР Еңбек кодексінің 68-бабы 1-тармағына сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.
Сонымен бірге, ҚР Еңбек кодексінің68-бабы 3-тармағына сәйкес негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы ҚР Еңбек кодексінің 71-бабының 4-тармағында белгіленген (8 сағат) күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауы тиіс (нәтижесі: 8 + 4 = 12 сағат күніне).
ҚР Еңбек кодексінің68-бабының 3-тармағында келтірілген норманың мағынасына сүйене отырып, негізгі жұмыс пен қоса атқаратын жұмысы бойынша жұмыс уақытының жалпы көлемі аптасына 60 сағаттан аспауы керек.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тәрбиешілердің қосымша жұмысты жүзеге асыруына басқа ешқандай кедергілер жоқ.
Еңбек заңнамасы қызметкерге қоса атқаратын жұмыс бойынша еңбек шартын жасасқан бір жұмыс берушімен де (негізгі жұмыс орны бойынша) және бірнеше жұмыс берушілермен еңбек шартын жасасу құқығын береді.
Нормативті оқу жүктемесі бекітілген педагогтардың жұмысының ерекшелігі – олар екі топта немесе сыныпта бір уақытта бола алмайды. Осыған байланысты бұл педагогтар тек қоса атқаратын жұмыс жағдайында жұмыс істей алады.
Бұл мәселені одан әрі нақтылау үшін қоса атқарылатын жұмыс пен лауазымдарды қоса атқару арасындағы айырмашылықты түсіну маңызды:
- ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 56-тармақшасына сәйкес «қоса атқарылатын жұмыс» – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы;
- ҚР Еңбек кодексінің 111 бабы 2 тармағының 1) тармақшасына сәйкес жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа бос лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы – «лауазымдарды қоса атқару» (яғни негізгі жұмысынан босатылмай).
Педагогтарға еңбекақы төлеу кезінде мыналарды ескеру қажет:
- қоса атқарылатын жұмыс кезінде жалақы мөлшері, қосымша төлемдер мен үстемелер, денсаулықты жақсартуға арналған жеңілдіктер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да төлемдер әр лауазымға қоса атқарылатын жұмыс бойынша жеке еңбек шартын жасай отырып есептелуі керек;
- лауазымдарды қоса атқару кезінде «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен бекітілген 18-қосымшаның 5 тармағына сәйкес лауазымдық жалақыға 50% төлем шектелген, сондықтан лауазымдарды қоса атқару кезінде 0,5 мөлшерде төлем жасау заңсыз болады.
Мектепке дейінгі тәрбиешілердің жұмыс уақытының мысалы ретінде қарастыруды ұсынамыз:
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8 бабы 3 тармағының 3) тармақшасына сәйкес бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі – 24 сағат.
1 ставка = аптасына 24 сағат.
24 сағат / 5 жұмыс күн = күніне 4,8 сағат (немесе 4сағат 48 минут).
1 ауысымның жұмыс уақытының басталуы білім беру ұйымының ішкі еңбек ережелері мен еңбек шартына сәйкес - 8:30 сағ.
8:30 сағ. + 4:48 сағ. = 13:18 сағ.
1 ауысымдағы жұмыс уақытының аяқталуы – 13:18.
2 ауысымның жұмыс уақытының басталуы, білім беру ұйымының ішкі еңбек ережелері мен еңбек шартына сәйкес– 13:19.
13:18 сағ. + 4:48 сағ. = 18:07 сағ.
2 ауысымның жұмыс уақыты 18:07 сағ.аяқталады.
Бұл мысалда біз 2 ставкасы бар тәрбиешінің жұмыс уақыты Еңбек кодексінің 68-бабына сәйкес аптасына 60 сағатты құрайтын жалпы жұмыс уақытынан аспайтынын көреміз. 24 сағат + 24 сағат = 48 сағат.
Осылайша, тәрбиеші қоса атқарылатын жұмыс бойынша күніне 4 сағаттық қосымша жұмыс күнінің орнына қоса атқарылатын жұмыс бойынша күніне 1 сағат 36 минут жұмыс істейді:
48 сағат (тәрбиешінің 2 ставкасы) – 40 сағат (ҚРЕК 68-бабы 1 тармағы) = қоса атқарылатын жұмыс бойынша 8 сағат.
қоса атқарылатын жұмыс бойынша 8 сағат / 5 жұмыс күні = күніне 1,6 сағат немесе 1 сағат 36 минут.
Осылайша, 2 ставкамен жұмыс істейтін тәрбиешілерге 1,75 ставка (8 сағат 24 минут) оқу жүктемесін қою қате. Егер логикалық тұрғыдан ойлап қарасақ, мұндай жағдайда тәрбиеші жұмыс орнында 8:30-дан 16:54-ке дейін болуы керек, бұл қолайсыз, себебі бұл жағдайда балалар 16:55-тен 18:00-ге дейін қараусыз қалады.
Мұғалімдерден айырмашылығы тәрбиешілердің бір ауысымының жұмыс уақытын бөліп есептеуге болмайды.
Тәрбиешілердің жұмыс уақытын балаларды мектепке дейінгі ұйымға қабылдау басталғаннан бастап белгілеген жөн. Көп жағдайда бұл – 7:30 сағ.
Тәрбиешілер көбінесе 2 ставкамен жұмыс жасай отырып, жұмыс орындарында таңғы 7:30-дан 18:00-ге дейін болады. Яғни күніне 10 сағат 30 минут немесе аптасына 52 сағат 30 минут. Демек, 2,2 ставка құрайды (аптасына 52,5 сағат / 24 нормативті оқу жүктемесі = 2,2 ставка). Осылайша олар 1,75 немесе 2 ставка бойынша жалақы алады.
Білім беру ұйымдарындағы жұмыс уақытын нақтылау үшін Нұр-Сұлтан қ. Білім басқармасы мен «Әділет» Кәсіподағы Ішкі еңбек ережелерін қосымша ретінде қоса алып Аймақтық келісімге қол қойды. Кәсіподақ комитеті бар елорданың әр білім беру ұйымы бұл ережелерді жұмыстың ерекшеліктерін ескере отырып, өзінің ұжымдық шарттарына енгізді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 44-бабы 2-тармағына сәйкес білім беру ұйымын тікелей басқаруды оның басшысы жүзеге асыратынын есте сақтау қажет.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, негізгі жұмыс пен қоса атқарылатын жұмыс уақытының ұзақтығын аптасына 60 сағатқа дейін белгілеу бұзушылық болмайды.
Сонымен қатар жұмысшылардың жалақысынан ұстау сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабында көзделген жағдайларда жүзеге асырылатындығын ескеру қажет.
Еңбекақыны есептеуде, жыл сайынғы еңбек демалысын төлеуде, денсаулықты жақсарту үшін жәрдемақы төлеу барысында педагогтардың осындай құқықтарының бұзылуы күрделі мәселелер туғызады, бұл ұжымда моральдық-психологиялық ахуалдың нашарлауына алып келеді.
Аталған түсіндірме жұмысы кәсіподақ мүшелеріне қатысты еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермейді деп сенеміз.
Кәсіподақ мүшелері аталған мәселелер бойынша заң тұрғысынан көмек алғылары келсе Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағына 87172217106 нөмірі арқылы хабарласуға болады.